ҚР Білім және Ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйытқы болуымен «Дәулет» спорт кешенінде киокушинкай-кан каратэден оқушылар арасында командалық республикалық турнир өтті. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған жарысқа Алматы, Тараз, Ақтау, Шымкент секілді өзге де қалалардың мықтылары қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Додада ұлдармен бірге қыздар да бақ сынады.
Дуы басым жарысқа Ұлттық Республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясы Жамбыл облысы филиалының президенті Нұрлан Кулишев арнайы келіп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Бірнеше күнге созылған каратэшілер аламаны тартысқа толы жағдайда өтті. Барлық команданың спортшылары жеңіске жету жолында аянып қалмай, барын салып бақты.
Дода қорытындысында қарсыластарының барлығынан айласын асырған Жамбыл облысының спортшылары жалпыкомандалық есепте топ жарса, шымкенттіктер екінші, алматылықтар үшінші орынды иеленді.
Жарыс аяқталған соң аға жаттықтырушы Жасқайрат Шейренов бұл турнир жоғары деңгейде өтті деп бағалап, Қарағандыда ұйымдастырылатын ел чемпионаты алдында спортшылардың спорттық бабына енуіне мүмкіндік бергенін тіліне тиек етті.