Қолдауды дұрыс қолданып жүрміз бе?

Әңгіме спорт жайында. Бұқаралық спорт жайында. Бұл тақырып соңғы кезде жиі көтеріліп жүр. Тіпті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі биылғы Жолдауында оған бөлек тоқталды. Яғни,  мемлекет мойнына отырып алған спорттық клубтардың қаржысын қысқартып, есесіне балалар спортын, бұқаралық спортты дамытуды тапсырды. Сөздің шыны керек, бұл мәлімдеме спорттан хабары барларды бір жағынан таңқалдырды, басқа жағынан серпілтіп тастады. Өйткені, оны сала жанашырлары бірнеше жылдан бері көтеріп келеді және ол қанша айтылса да, қанша жазылса да, ешқашан шешілмейтіндей көрінген. Неге? Өйткені, ел қазынасынан келіп жатқан миллиондар мен миллиардттардан кім оңайлықпен айырылады?! Шынайы жағдай мынадай. Дәл осы спорттық клубтар, оның ішінде футболы бар, хоккейі бар, облыстық спортқа бөлінген қаржының 50 процентіне дейін иемденеді. Иемденіп жатыр да. Ал, енді бұл мәселе ең биік мінберден көтерілді. Президенттің назары ауды. Амал жоқ, мүдделі тұлғалар қаласа да, қаламаса да, тапсырманы орындауға міндетті.

Бұл бір мысал ғана. Жалпы бұқаралық спортты дамытуға бізде көңіл де, қаржы да жеткілікті деңгейде бөлініп жатыр. Бірақ, оның орындалуы ақсап қалып жатады. Қарапайым аула клубарын алайық. Ондағы жұмыстарды әлдеқай жүйелі жүргізуге болады және сол арқылы ғана бұқаралық спорттың дамуына кәдімгідей дүмпу әкеле алатынымызға сенімдімін. Дәл солай спорттық инфрақұрылымдар мәселесі де әлі күнге дейін өзекті. Әрине, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ол аса байқалмауы мүмкін. Ал, енді қаланың сыртына шығып, іргелес жатқан елдімекендерге көз тастасақ, терең ойға қаламыз. Неғұрлым алыс аттасаң, соғұрлым көрініс нашарлай береді. Ал, нағыз мықты спортшылар ауылдан шығатыны белгілі. Міне, осындай көзге көріне бермейтін, бірақ, отандық спорттың дамуында шешуші рөлді атқаратын мәселелерге жіті көңіл бөлу керек. Мен спорт маманы ретінде, осы салаға өмірін арнаған адам ретінде осы жағдайларға жаным ашиды. Саланың жұмысын одан әрі жүйелеп, жаңғыртып, жетілдіріп, әлдейқайда биік деңгейге көтерсем деймін және оған қайратым да сауатым да жеткілікті.

Ауыл спорты жайында айтып ем ғой. Қазір оған бірте-бірте көңіл бөліне бастады. Кешенді жоспарға сәйкес, өңірлерде спорттық кешендер мен спортқа секциялардың саны артады. Бұған қоса, балаларды спортқа баулитын, яғни, арнайы секцияларды жүргізетін денешынықтыру пәнінің мұғалімдеріне 100 процент қосымша ақы төлеу қарастырылып жатыр. Сөздің шыны керек, бұл үлкен мотивация. Енді осы қолдау дұрыс қолданса игі. Мүдделер тоғысында талан-таражға түсіп кетпесе деп тілейміз.

Бұған қоса, қазір ұлттық спорт түрлеріне де ерекше көңіл бөліне бастады. Әсіресе, орта мектептерде, яғни, денешынықтыр пәніне осы бағытты қосуға басымдық берілмек. Бұл бастама кешенді жоспарға енгізіліп, үкімет деңгейінде бекітілді. Енді оның орындалуы жергілікті атқаршы органдардың пысықтығына байланысты. Қалай болғанда да мұз орнынан қозғалды және көпшіліктің, әсіресе, ұлт жанашырларының тілегі араға осынша уақыт салып болсын, орындалары қуантады.

Қазір елімізде 5 миллионнан аса адам спортпен шұғылданады. Ресми көрсеткіш осындай және бұл Қазақстан халқының шамамен 30 процентін құрайды. Бірер жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз жолдауы барысында 2020 жылға дейін көрсеткішті 30 проценке жеткізу жөнінде тапсырма қойған. Құзырлы министрлік өкілдері оны асыра орындадық деп отыр. Ал, ендігі мақсат 40 процентке апару. Алдағы 5 жылда осындай деңгейге жеткізу көзделіп отыр және оны орындауда жұдырықтай жұмыла түсуіміз керек. Орындаушы органдардың, ондағы әр маманның белсенділігі және біліктілігі сынға түсетін шақ. Қай-қай бастпманың да артында ел иммиджі мен ұлт салығы деген дүние тұр. Ал, ұлт саулығы қазір маңыздылығы жағынан бәрінен жоғары.